«Жаңа Конституция – мемлекеттің адамға арналғанын мойындауды және әлеуметтік мемлекет болу міндеттемесін алуды білдіреді», – деді Магеррам Магеррамов.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азамат Әміртаев экологиялық жауапкершілікті күшейту мәселесіне тоқталды.
«Қоршаған ортаны қорғау мемлекет пен әрбір азаматтың конституциялық міндетіне айналады», – деді ол.
Өз кезегінде, «Байтақ» партиясының мүшесі Тәңірберген Бердоңғаров Конституция мәтініне «Миранда ережесінің» енгізілуін оң бағалады.
«Бұл норманың конституциялық мәртебе алуы үнсіз қалу құқығы мен адвокат көмегіне жүгіну құқығын азаматтарды қорғаудың іргелі кепілдігіне айналдырады», – деді Тәңірберген Бердоңғаров.
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының атынан оның төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Азат Перуашев сөз сөйлеп, пропорционалды сайлау жүйесіне көшу қадамын қолдады.
«Пропорционалды сайлау жүйесі саяси әртараптандыру мен көппартиялықты дамытуға жағдай жасайды», – деді Азат Перуашев.
Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Ақ жол» партиясының мүшесі Дания Еспаева жеке меншікті қорғау мәселесіне назар аударды.
«Мемлекетке және жеке тұлғаға тиесілі меншік тең конституциялық қорғауға ие болады. Ал мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттері үшін өтемақы төленуге тиіс», – деді Дания Еспаева.
Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рақымжанов жаңа редакция адам өмірінің елеулі бөлігі цифрлық кеңістікке ауысқанын ескеретінін айтты.
«Жаңа Конституцияға сәйкес, цифрлық ортадағы жеке өмір де қорғалады. Адамның жеке деректері оның үйі мен жеке хат-хабарымен бірдей деңгейде қорғауға алынады», – деді Асхат Рақымжанов.
Ал оның фракцияласы Нұрлан Әуесбаев отбасы институты мен бақытты балалық шақты қорғауды күшейту мәселесіне тоқталды.
«Отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында болады. Бұл – келер ұрпақтың құқықтық кепілі», – деді Нұрлан Әуесбаев.
Осылайша, партияаралық диалог алаңы жаңа Конституция жобасын талқылауда саяси ұстанымдардың кең ауқымын көрсетіп, көрермендерге елдің алдағы дамуына қатысты негізгі мәселелер бойынша партиялардың көзқарастарын салыстыруға мүмкіндік берді.




