жаңалық
Вт. Мар 25th, 2025

Заң  – кез келген лауазымнан  биік!

Жаңалықты бөлісіңіз:

Ата Заң – тәуелсіздіктің негізгі құндылығы. Ата Заңның мақсаты  – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстан  Республикасының ең жоғары құндылықтарын қамтамасыз ету және қорғау.

         Конституция – қоғам мен мемлекеттің ұзақ мер­зімге арналған бағыт-мақ­сат­тарын және оларға жету жолдарын айқындайтын құжат. Оның әлеуеті жылдар, онжылдықтар ғана емес, тіпті ғасырлар талаптарына жауап беруге қауқарлы.

         Еліміздің өркендеу жолына түсуіне қазіргі қолданыстағы Конституция жасаған ықпалы өте зор. Бүгінге дейінгі саяси, экономикалық және қоғамдағы жетістіктердің барлығы осы Конституцияның арқасы десек артық болмас. Өйткені Ата Заң басқа барлық заңдардан жоғары күші бар заң. Ол мемлекеттегі әрбір адамның еркін, тең, азат, бақытты өмір сүруі үшін соны қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін, құқықтарын айқындайтын, мүдделерін, меншіктерін қорғайтын заң болып табылады.

         Қазақстан Респбуликасы Конституциясына сәйкес барлық адамзат заң алдында тең. Мейлі ол басшы болсын, мемлекеттік қызметкер болсын, құқық қорғаушысы болсын, қарапайым халық болсын, лауазымды тұлға болсын барлығы да заң алдында бірдей жауапқа тартылады. Заң ұлтқа, дінге, нәсілге  бөлінбейді. Кімде кім құқық бұзушылық жасаған болса сот алдында жауапқа тартылады. Судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және  тек Конституция мен Заңға ғана бағынады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей мынау менің жақыным еді деп заңды бұрмалай алмайды. Сот ешкімге бағынышты болмауы тиіс. Әр азамат және біздің елде жүрген шет ел азаматтары да  ҚР Конституциясы  мен өзге де заңдарын сақтауға міндетті.

          Ата Заңымызды сыйлата білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ онда қоғамның тыныштыққа жетуі мүмкін болмайды. Заңды сақтау – әділеттіліктің негізі. Заң кез келген лауазымнан да биік екенін естен шығармайық.

Пара берген де, алған да – жауапты

        «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның басты мақсаты – азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, сыбайлас жемқорлық көрінісінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті сақтау болып табылады.

Уәкілетті  мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жалғастырып, пәрменді шаралар жүзеге асыруда. Әлемнің көптеген елдері секілді, біздің мемлекетімізде сыбайлас жемқорлықтың  алдын алуға, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты шаралар қолға алынған.

Сыбайлас жемқорлықтың  ең қауіпті түрі – парақорлық. Пара алудың, пара  берудің түп тамырын жою үшін қоғам белсенділік танытуы қажет және оның пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс саналатындай қоғамдық сана қалыптастыруы қажет. Парақорлық  мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болады, биліктің беделіне нұқсан келтіреді. Еліміз егемендік алғалы қоғамымыздың қасіретіне  айналып отырған қатерлі дерттің бірі – жемқорлық. Өкінішке орай еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жемқорлардың құрбанына айналуда.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін халықтың құқықтық  сауаттылығын көтеру, жемқорлықтың кеселі мен зардабын кеңінен түсіндіріп, үгіт насихат жұмыстарының сапасын арттыру маңызды. Сыбайлас жемқорлық қылмысы орын алған жағдайда еліміз бойынша тиісті уәкілетті мемелекеттік  органы тарапынан сәйкесінше шаралар қолдану үшін бірыңғай «1424 сенім телефоны» тәулік бойы байланыста және ол ақпараттар бойынша заңға сәйкес  шаралар қабылдайды.

Жоғарыда аталғандардың негізінде және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, алдын-алу және болдырмау мақсатында Сәтбаев қалалық сотында да  тұрақты түрде іс-шаралар өткізілуде.

Сот залындағы тәртіп

        Сот – мәртебелі орын. Мемлекет атынан шешім шығарылып, үкім оқылатын мәртебелі орынды сыйлау баршаның міндеті. Ақ пен қара сарапқа салынып, әділдік анықталатын сот алаңында тәртіпті сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ міндет.

         Сондықтан да сот отырысының  ұйымдастырылуына үлкен мән беріледі. Сот процесіне қатысушыларды дер кезінде шақыру, олардың процеске толық қатысуын қамтамасыз ету, өз ұстанымын, ойын айтуына жағдай жасау, қатысушыларға теңдей құқыққа ие екенін сезіндіру – сот кеңсесінің бұлжымас қағидасы. Бүгінде сот мәжіліс залдарына дыбыс-бейне жазу құрылғылары толық орнатылғандықтан, қатысушылар өз сөздерінің бұрмаланбайтынына сенімді. Өйткені, дыбыс-бейна жазба тоқтатылмайды, редакцияланбайды. Кез келген адамның таспаны жаздырып алып, сот отырысын қайта қарап шығуына ешқандай кедергі жоқ.

          Сотқа деген құрмет ғимарат табалдырығын аттаған сәттегі жауаптылықтан басталады. Кейбір азаматтар тексеруге, сөмке, қол заттарын қарауға қарсы болып жатады. Бұл қоғамдық қажеттіліктен туындаған қадам, яғни, мұны сот отырысына қатысатын азаматтардың қауіпсіздігін қорғау үшін жасалған міндетті шара деп қабылдаған абзал. Сот ғимаратына қару, жарылғыш зат, суық қарудың өтіп кетуі барша қызметкерлер мен қатысушылар өміріне қатер төндіреді. Соған орай тексеріп, бақылау жасау жұмыстарына түсіністікпен қарау керек. Мұның өзі сотқа деген құрметті білдіреді.

            Сотқа құрмет – шақыртуға сай сот отырысына кешікпей келуден, сот залында өзгелердің сөйлеуіне кедергі келтірмей, ортақ тәртіпке бағынудан да көрінеді. Кейбір азаматтар хабарламаны ала тұрып, сотқа келмейтінін ескертпей жатады. Ал бұл сот отырысының өз мезгілінде өтуіне кедергі келтіреді. Соның кесірінен қаншама адам уақыт жоғалтады, жоспарлаған шаруаларын кейінге қалдырады. Осыған орай сот отырысына себепсіз келмеген, қатысушылардың сөзін бөліп, төрелік етуші төрағаны сыйламаған азаматтарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай арнайы жауаптылық белгіленгенін айта кеткен артық болмайды.

             Судьяның өкіміне бағынбай, орнында отырып рұқсатсыз сөйлегендер, жан-жағындағыларды балағаттап, алкогольдік ішімдік ішкен күйде сот отырысына келгендер, сот шақыртуына енжар қарағандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 653-бабына сәйкес жауаптылыққа тартылады.  Мұндай теріс әрекет үшін кодексте құқық бұзушыға алдымен ескерту жасау не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза белгіленген. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалса құқық бұзушыға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынып, не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы белгіленеді.

       Заң – баршаға ортақ. Соған сәйкес, сот алаңында да ешкімді алалауға, артықшылық беруге жол жоқ. Мұны әрбір азамат жадында ұстауы керек.

С.Бухарова,

Сәтбаев қалалық соты әкімшісінің басшысы.

By admin

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *