Жезқазған қаласындағы С. Қожамқұлов атындағы театрда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық, республикалық, облыстық айтыстардың жеңімпазы, есімі «Қазақстан айтыс ақындары» энциклопедиясына жазылған дарын иесі, айтыстары «Сарыарқа» сериясымен жарық көрген «Арқаның айтыс ақындары» кітабында енген «сөз барымтасының» шебері, «Ақтұма», «Қара кітап», «Дәридай-жүрек» жыр жинақтарының авторы Мұқанбетқали (Мұқаш) Сейітқазиновтің 70 жылдық тойы, «Дәридай-дәурен» шығармашылық кеші дүркіреп өтті.
Театрда ине шанжар жер қалдырмаған мұндай кешті көптен бері көрмеген едік. Осы көріністің өзі – ақ халықтың Мұқаш ақынға деген алабөтен махаббатын айтпай – ақ ұқтырды. Халқын сағынған ақынды сол халықтың өзі де сағынып – ақ қалған екен!
Зор қошеметпен сахна төріне жайғасқан ақынды алғаш болып Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков құттықтады. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың Құттықтау хатын және ықыласгүлін табыстады және облыс халқының ақ тілегі мен сый – сияпатын жеткізді.
Кештің ең бір әсерлі шағы Жетісудің жерінен Халықаралық, республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы, ақын, актер, журналист, Сүйінбай мен Жамбылдың, Құлмамбет пен Бақтыбайдың, Қалқа мен Қуаттың дәстүрін жалғаған Жетісу айтыс мектебінің көрнекті өкілі Айтақын Бұлғақовтың, еліміздің Шығысынан танымал айтыс ақыны, жыршы, журналист, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, бірнеше республикалық айтыстардың, республикалық жыр сайыстарының жүлдегері, «Байғыз» жыр жинағының авторы Серік Құсанбаевтың, қазақы тілмен айтқанда, «төсекте – басы, төскейде – малы қосылған» Қызылордадан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақтың сүйікті ақын қызы, композитор, әнші, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, әйгілі «Есіңе мені алғайсың» әнімен ел жүрегін жаулаған Сырдың сұлуы Елена Әбдіхалықованың, қоңсылас Қарағандыдан ақын, айтыс өнерінің майталманы, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектерінің, әдеби-көркем жинақтардың авторы Қойлыбай Асановтың және Жезқазғанның жақұты, ақын, ұстаз, ғалым, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Светлана Жумкинаның сахна төріне бірге көтерілген сәті болғаны даусыз. «Ақынды ақын сүйемесе болмайды» дейді Мұқағали ақын. Мұқаш ақын еліміздің төрт бұрышынан келген әріптестерін «қырық ақынға татитын төрт ақын келді» деп еді, сол сөзі шындыққа айналды.
Мұқаш Сейтқазинов 1990 жылы айтыстың үлкен сахнасына алғаш шыққанда Айтақын Бұлғақовпен сөз қағыстырған екен. Сондағы айтыс үстінде Айтекең «Келесі жолы домбыра үйреніп кел» деп, өз домбырасын Мұқаңа сыйға тартыпты. Бұл домбыра қазір Ұлытау ауданының музейінде сақтаулы. Айтақын Бұлғақов сахна төрінен Мұқаңа деген жүрекжарды лебізін біркезде өзі сыйлаған сол домбырасын шертіп тұрып:
- Қырық жыл бұрын есімде,
Былғарымен қаптаған,
Бір домбыра беріп ем,
- Ақын бол - деп - ақтабан.
Қос ішегі шертілмей,
Қырық жыл бойы тартпаған.
«Сат» десе де сатпаған,
Сындырмаған, шақпаған,
Жетпіске жасы жеткенше,
Сандығында сақтаған.
Музейге беріп ақыры,
Болып шыққан жақсы адам.
Сыйлығымды көрген көзімдей
Сендей доспен мақтанам - деп жеткізді. Мұндайда жүрегі тас болып қатып қалмаса , кез келген адамның жаны тебіренбей тұра алар ма? Ақындар С. Құсанбаев пен Қ. Асанов арнау өлеңдерін оқыды. Е. Әбдіхалықова «Айтысқан ақындарымның бәрін де жеңдім, тек бір ақыннан жеңілдім , ол – Мұқаш аға, ақындардың арасында аса құрмет тұтатыным да Мұқаш аға» деп ақтарылды. Сосын тойға шашу ретінде өзінің «Жез даланы аңсау» әнін орындады.
Кеш барысында ақынға Қарағанды облысының әкімі Е. Бөлекпаевтың, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы М. Құлкеновтің Құттықтау хаттары да табысталды, ақынның «Дәридайдың дәптерінен» кітабының таныстырылымы өтті, М. Сейтқазинов өлеңдерін мәнерлеп оқудан өткен байқаудың жеңімпаздарына сыйлықтар тапсырылды.
Ақжарма тілек, әдемі ән, мың бұралған би бірін –бірін алмастырып жатқанда екі жарым сағаттың қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалыппыз.
Мұндай кештерді өткізудің майын ішкен ақын Ғазиз Ештанаев бұл жолы тіпті еркін көсілгендей болды. Жаттандылық, бірізділік байқалмады.
Кештің ресми жабылуы жарияланған соң да, халықтың ықыласының басылмағаны соншалық, сахна шымылдығы тағы да біршама уақыт бойы желпілдеп тұрды...




