Ұлытау облысында төтенше жағдайлар саласын дамыту бағытында маңызды нысандар пайдалануға берілді. Жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов өңірдегі бірқатар стратегиялық объектілердің ашылуына қатысты.
Атап айтқанда, Жәйрем кентінде алғаш рет мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашылып, ел игілігіне берілді. Салтанатты шара барысында жаңа бөлімшенің қызметкерлеріне заманауи қызметтік автокөліктердің кілттері табысталды. Бұл – өңірдің қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, министр Шыңғыс Арынов пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласында жаңғыртудан өткен Жоспарлау және жедел басқару орталығының ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Жұмыс сапары Сәтбаев қаласында жалғасын тауып, мұнда да жаңа өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау ретінде пәтер кілттері табыс етілді.



Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі төтенше жағдайлар саласының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:
«Өткен жыл төтенше жағдайлар саласы үшін облысымызда нәтижелі кезең болды. Республика бойынша алғашқылардың бірі болып Жезқазған қаласында тікұшаққа арналған ангарды іске қостық. Сонымен қатар Қаражал мен Жезқазған қалаларында заманауи өрт сөндіру бөлімдері ашылды. Материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биылғы жыл да табысты басталып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады», – деді өңір басшысы.
Жалпы, атқарылып жатқан бұл жұмыстар өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу, жедел әрекет ету мүмкіндіктерін арттыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.




