Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы 2026 жылғы 11 ақпанда Ақорданың баспасөз қызметі ресми түрде хабарлады.
Аталған шешім Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 18-бабына сәйкес қабылданды.
Жарлыққа сәйкес:
– 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізіледі;
– республикалық референдумға 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген тұжырыммен шығарылады;
– Жарлық пен Конституция жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда ресми түрде жарияланады;
– референдумды дайындау мен өткізуді Референдумның орталық комиссиясының функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, сондай-ақ аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді;
– Қазақстан Республикасының Үкіметіне Орталық сайлау комиссиясымен және өзге де орталық мемлекеттік әрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
Бұл бастама елдің құқықтық жүйесін одан әрі жетілдіруге және мемлекеттік басқару тетіктерін жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Алдағы референдум азаматтардың ел болашағына қатысты тарихи шешім қабылдауына мүмкіндік береді.




