2026 жылғы 15 наурыз – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айрықша мәні бар күн. Бұл күні азаматтар республикалық референдумға қатысып, мемлекетіміздің алдағы даму бағытына тікелей ықпал ету мүмкіндігіне ие болады. Референдум – халықтың еркін білдіретін, стратегиялық маңызы бар шешімдерді бүкілхалықтық дауыс беру арқылы айқындайтын конституциялық тетік.
Мемлекетіміздің берік негізі – Қазақстан Республикасының Конституциясы. Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі әрі мемлекеттік билік жүйесінің құқықтық іргетасы. Онда адам мен азаматтың мәртебесі, билік тармақтарының өкілеттігі, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары нақты бекітілген. Осыған орай, Конституцияға қатысты кез келген бастама бүкіл халықтың қатысуымен шешілуі – демократиялық қағидаттардың айқын көрінісі.
Республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми ақпаратында хабарланды. Аталған шешім елдің конституциялық дамуын жаңа кезеңге шығаруға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылады.
Референдум – әрбір азаматтың жауапкершілігін талап ететін саяси-құқықтық рәсім. Мемлекет тағдырына қатысты шешімдерге белсенді қатысу – азаматтық ұстанымның айқын белгісі. Әрбір берілген дауыс елдің ертеңіне әсер етеді, ал саналы таңдау – келешек ұрпақтың игілігі үшін жасалатын қадам.
Тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуі қоғамның бірлігіне, азаматтардың белсенділігіне және ортақ жауапкершілігіне негізделеді. Референдумға қатысу – конституциялық құқық қана емес, Отан алдындағы парыз. Бұл – бүгінгі буынның ғана емес, болашақ ұрпақтың мүддесін көздейтін маңызды шешім.




