Еліміздің көлік инфрақұрылымындағы маңызды жаңалықтардың бірі – Маңғыстау мен Ұлытау өңірлерін тікелей байланыстыратын жаңа теміржол бағыты іске қосылды. Бүгін тарихи сәт орын алып, Ақтау қаласынан шыққан алғашқы пойыз Жезқазған қаласының теміржол вокзалына белгіленген уақытта келіп тоқтады.
Жаңа бағыт өңірлер арасындағы қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік ашып отыр. Аталған теміржол желісі Ұлытау облысындағы үш ірі стансаны қамтиды: Атасу кенті, Жезқазған қаласы және Қоскөл ауылы. Бұл өз кезегінде жолаушылар үшін сапар уақытын қысқартып, жол шығындарын азайтуға сеп болады.
Тасымалдаушы Ulytau Express ЖШС өкілдерінің мәліметінше, пойыз вагондары заманауи талаптарға сай толық жабдықталған. Жолаушыларға барынша жайлы жағдай жасалып, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы купелер қарастырылған. Сонымен қатар, сапар барысында ыңғайлы қызметтер мен түрлі сервистік пакеттер ұсынылады.
Жаңа бағыттың іске қосылуы тұрғындар арасында үлкен қуаныш тудырды. Жолаушылардың айтуынша, бұрын бұл бағытта бірнеше рет пойыз ауыстырып мінуге тура келетін, ал енді тікелей қатынас уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Солардың бірі – жолаушы Үміт Бурабаева:
«Бұл күнді он жылдан астам күттім. Билет бағасы да қолжетімді – небәрі 12 мың теңге. Бұрын жол ұзақ әрі қиын болатын, енді бәрі әлдеқайда жеңілдеді», – дейді ол.
Айта кетейік, Қарағанды–Маңғыстау теміржол бағыты бойынша пойыз қозғалысы 1 сәуірден бастап ресми түрде іске қосылған. Жезқазғаннан Ақтауға дейінгі жол жүру уақыты шамамен 29 сағатты құрайды.
Жалпы, жаңа теміржол бағыты өңірлер арасындағы экономикалық, әлеуметтік және туристік байланысты нығайтып, ел ішіндегі қатынасты одан әрі дамытуға серпін береді.




