Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасында алғаш рет заманауи ретроградтық бүйрек ішілік хирургия әдісімен ота сәтті жасалды
Ұлытау облысы Жезқазған қаласының көпсалалы ауруханасының урологиялық бөлімшесінде алғаш рет аз инвазивті әдіспен бүйрекке операция жасалды. Бұған жергілікті бюджет есебінен 15 миллион теңгеге сатып алынған жаңа медициналық жабдық — мониторы бар икемді уретерореноскоп мүмкіндік берді.
Жаңа әдіс ретроградтық бүйрек ішілік хирургия кесусіз және тесу жасамай, науқастың денесінде тыртық қалдырмай тастарды алу тәсілі болып табылады. Бұл процедура кезінде уретероскоп науқастың зәр шығару жолы арқылы енгізіліп, бүйрекке дейін көтеріледі. Лазердің көмегімен тастар ұсақ бөлшектерге бөлініп, сыртқа шығарылады.
Қарағандыдан келген тәжірибелі уролог Серік Жүнісов жезқазғандық дәрігерлерге мастер-класс өткізіп, төрт науқасқа сәтті операция жасады. Әр операция шамамен 30–40 минутқа созылып, пациенттер екі күннен кейін үйлеріне жіберілді.
Алғашқы науқастардың бірі – зейнеткер Құлпан Түйебаева. Оның бүйрегінен 2 сантиметрлік тас алынып тасталды. Екі жыл бойы белі ауырып келген ол жаңа әдістің арқасында күрделі операциясыз сауығып шықты.
Облыстық аурухананың урологы Сәбит Атабаевтың айтуынша, жаңа әдіс енді тұрақты түрде қолданылатын болады. МӘМС шеңберінде ай сайын 10–15 операция жасау жоспарланып отыр. Мұндай операциялар енді облыс тұрғындары үшін тегін, қауіпсіз және тиімді медициналық көмек ретінде қолжетімді болады.
Бұл – өңірлік медицина үшін маңызды қадам. Бұған дейін мұндай жоғары технологиялық оталар тек ірі қалаларда жасалса, енді Ұлытау облысының тұрғындары да тұрғылықты жерінде сапалы ем ала алады.