Ұлытау облысында 2013–2014 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында құраш күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Республикалық деңгейдегі бұл жарысқа еліміздің 11 облысынан 203 жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Чемпионаттың басты мақсаты – құраш күресін дамыту, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және болашағынан үміт күттіретін балуандарды анықтау. Сонымен қатар, мұндай жарыстар ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттап, жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жарыс 13–15 наурыз аралығында өтуде. Үш күнге созылатын дода барысында қатысушылар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, өз өңірлерінің намысын қорғайды. Әр облыстан келген жас балуандар жеңіс тұғырынан көріну үшін бар күш-жігерін салуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, республикалық деңгейдегі чемпионаттар жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болып табылады. Мұндай бәсекелер болашақта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын мықты спортшылардың қалыптасуына ықпал етеді.
Айта кетейік, құраш – түркі халықтарына ортақ ежелгі күрес түрлерінің бірі. Бүгінде бұл спорт түрі елімізде кеңінен дамып, жас буын арасында үлкен қызығушылыққа ие болып келеді.
Қазір Ұлытау төрінде өтіп жатқан чемпионатта жас балуандар өз шеберліктерін көрсетіп, ел спортының болашағына үміт сыйлауда.




