Қоршаған ортаны қорғау мен ел аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан ауқымды бастамалардың бірі – «Таза Қазақстан» жобасы. Бұл жоба елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, табиғатты қорғауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясында республика бойынша ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілуде. Қалалар мен ауылдарда сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер, саябақтар мен аулалар қоқыстан тазартылуда. Сонымен қатар, заңсыз қоқыс орындарын жою, жасыл желектерді көбейту, ағаш отырғызу және оларды күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған.
Жоба тек коммуналдық қызметтердің жұмысы ғана емес, барлық азаматтардың белсенді қатысуын талап етеді. Әрбір тұрғын өз ауласының тазалығына жауапкершілікпен қарап, қоршаған ортаға жанашырлық танытуы қажет. Әсіресе, тұрмыстық және ірі көлемді қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Бүгінде экологиялық мәселелер бүкіл әлем бойынша өзекті болып отыр. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасы тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да игілігі үшін жүзеге асырылуда. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың борышы.
Қорытындылай келе, «Таза Қазақстан» – бұл бір реттік акция емес, бұл – өмір салты. Ел тазалығы мен көркеюі әрқайсымыздың күнделікті іс-әрекетімізге байланысты. Бірге әрекет ете отырып, біз таза да көркем Қазақстанды қалыптастыра аламыз.




