Көрмені Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастырды.
Көрменің басты мақсаты – ортағасырлық өркениеттің ірі орталықтарының бірі болған Отырар қаласының бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, оның ғылыми және рухани маңызын қазіргі қоғаммен сабақтастыра таныстыру.


Көрмеде археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған 280 бірегей жәдігерлер ұсынылады. Олардың қатарында тұрмыстық және шаруашылық бұйымдар, керамикалық ыдыстар, қолөнер туындылары, ортағасырлық қала мәдениетінің дамуын айғақтайтын артефактілер бар.
Ұлытау мен Отырар – қалалық мәдениет пен дала өркениетінің өзара байланысын, қазақ халқының тұтас тарихи дамуын айқындайтын біртұтас мәдени-тарихи жүйе. Отырарда дүниеге келген ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері арқылы бүкіл түркі әлемінің ғылыми дамуына ықпал етсе, Ұлытау аумағы Алтын Орда және Қазақ хандығы кезеңінде маңызды саяси шешімдер қабылданған тарихи кеңістік болды. Осы бір үзілмей келе жатқан тарихи сабақтастық одан әрі жалғасын таба беретіні сөзсіз.
Көрменің ашылу салтанатында Ұлытау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдин, Ұлытау облысы Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Айбек Жандосов, өлкетанушы – тарихшылар Бахтияр Қожахметов, Мұхтар Бақытұлы сөз сөйледі. Олар Отырар – өркениеттің ошағы болса, Ұлытау – ұлт рухының темірқазығы екендігін айрықша атап өтті.
Көрмені таныстыру мақсатында арнайы бейнероликтер көрсетілді.
Көрмені Жезқазған қаласындағы Ғарышкерлер 26-да орналасқан көркем көрме залына келіп, тамашалауға болады.




