Жай күндері «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп жылап отырамыз. Бірақ қалаға бір әлемдік жұлдыз келе қалса, алпыс мыңдық концерт билеті алты секундта сатылып кетеді. Сұраныстың көптігі соншалық, арнайы қосымшалардың өзі халықтың нөпіріне шыдамай, істен шығып жатады. Осындайдан кейін өзімізді кедейміз деп айта аламыз ба?
Тағы бір мысал. Биылдан бастап көлік нөмірін таңдап сатып алуға мүмкіндік беретін заң күшіне енді. Ең арзан нөмірдің өзі 42 мың теңгеден басталады. Соған қарамастан, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында адам қарасы қалың. Кезек тіпті көшеге дейін созылып кеткен. Осыдан кейін «елдің ақшасы жоқ» деп айту қиын.
Бұл аз десеңіз, жақында Вьетнамның Фукуок аралында кәдімгі қазақтың «қызыл өрігі» қойылып, туристер жиналатын алаңқай бір сәтке Шымкенттегі мейрамханаға айналып кеткені желіде қызу талқыланды. Шаңын шығарып билеп жатқан — өзіміздің қаракөздер. Туристердің дені — отандастарымыз.
Егер ақша жоқ болса, Вьетнам, Дубай, Тайландтың жағажайларын қалай толтырып жүрміз? Әке-шешеміздің ауылына барғандай, шабаданымызды алып, ойланбастан жолға шығамыз. Барған соң сауық құрып, қолымыздағы жап-жаңа айфонмен жарқылдатып суретке түсеміз.
Кез келген автосалон немесе үй сататын компания шағын ғана акция жарияласыншы — кезек таңғы бестен басталады. Егер шынымен ақша жоқ болса, ондай кезекте тұрмас едік қой.
Жақында ораза айы басталады. Ауыз бекітіп, ауызашар жасаймыз. Бірақ сол баяғы әдетімізден танбай, дастарханымызды аста-төк жасап, дарақылыққа жол береміз. Муфтияттың қасиетті айда «ысырапшылдыққа жол бермейік» деген қарапайым үндеуіне де пысқырмаймыз. Мұның бәрі не үшін? Мақтан үшін бе?
Шын мәнінде мәселе кедейлікте емес. Мәселе — өз қалтамызға қарамай өмір сүруімізде. Той үшін, демалыс үшін, жаңа айфон үшін несие алып, тыныш жинап, шамасына қарай өмір сүрудің орнына, көзге түсуге тырысамыз. Ал сосын тағы да «ақша жоқ» деп шағынамыз.
Ақша жоқ емес — бар.
Тек біз өтірік жылайтын сияқтымыз.
Ербол Мәндібек




