14 наурыз күні Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық бөлімшесі — Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ж.А. Даулетбаевтың баяндамасы бойынша брифинг өтті.
Баяндамада Ұлытау облысындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері мен сауда қызметін реттеу жайы талқыланды.
Ұлытау облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігіне қарасты департамент жұмыс атқарады. Қазіргі уақытта тұтынушылар көбінесе өз құқықтарын білмей, шығынға ұшырап жатады, әсіресе интернет арқылы сауда жасаған кезде. Алған тауарды қайтару немесе ақшасын қайтару мәселелері жиі туындайды. Сондықтан тұтынушыларды интернет-дүкендерден сатып алынған тауарларды сатып алу барысында мұқият болуға шақырамыз.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының негізгі баптарына тоқталып өтсек:
7-бап: Тұтынушылардың құқықтары, оның ішінде тауарларды таңдау, сапа кепілдігі, оларды айырбастау және қайтару, қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді маңызды құқықтар қамтылған.
30-бап: Сатушының тауар сапасына қатысты міндеттері, олардың ішінде тауарды айырбастау немесе қайтару талаптары, әсіресе тауарды сатып алу фактісін растайтын құжаттардың жоғалуы немесе болмауы жағдайында.
Әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша: Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жыл сайын елдегі тұтынушылық ахуалды қадағалайды. Бұл зерттеу халықтың құқықтық сауаттылығы, мемлекеттік реттеу мен тұтынушылардың қанағаттануы деңгейін анықтауға бағытталған.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік реттеу жағдайына қатысты ең жоғары қанағаттанушылық деңгейі Ұлытау облысы тұрғындарында байқалды — 88,1%.
Қызмет көрсету салалары бойынша тұтынушылардың қанағаттанбау деңгейі:
Ұялы байланыс тарифтерінің негізсіз өзгеруі: 78,4% (Ұлытау облысы бойынша 97,6%)
Интернетке қолжетімділік мәселелері: 89,5% (Ұлытау облысы бойынша 97,6%)
Несие алу кезінде қосымша қаржы өнімдерін енгізу: 85,3%
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң туралы сауалнама: Респонденттердің 70,1%-ы Қазақстанда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның бар екенін біледі. Алайда, 29,9% респондент бұл туралы білмейді.
Тұтынушылардың құқықтарын бұзу жағдайында азаматтардың таңдауын анықтау: Респонденттердің 49%-ы «сот органдарына жүгіну» арқылы, 39%-ы «заңгерге немесе адвокатқа жүгіну» арқылы өз құқықтарын қорғауды жөн көреді.
Баяндама соңында, Ж.А. Даулетбаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерінің өзектілігіне тоқталып, азаматтарды өз құқықтарын қорғауда белсенді болуға шақырды.