Мемлекет басшысы өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы норма Конституцияда нақты айқындалуы тиіс. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, қолданыстағы Ата заңға сәйкес, егер Мемлекет басшысы өз міндетін атқара алмайтын жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына беріледі. Ал Сенат төрағасы бұл міндетті атқара алмаса, өкілеттік заңда белгіленген тәртіппен басқа лауазымды тұлғаларға өтеді. Осы тұста «қалған мерзім» ұғымының нақты шектеуі жоқ екеніне назар аударылды. Яғни бұл мерзім бірнеше айға да, бірнеше жылға да созылуы мүмкін.
Осыған байланысты Президент мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда, екі ай ішінде кезектен тыс сайлау өткізу Конституцияда нақты бекітілуі қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл халықаралық озық тәжірибеге толық сай келеді. Ел басшысы билікке міндетті түрде сайлау арқылы, заңды жолмен келуі керек. Бұл – Президенттің берік ұстанымы әрі болашақта барлық Мемлекет басшылары үшін өзгермейтін қағида болуы тиіс.




