Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ұлытау облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен студенттермен ресми кездесу өтті. Іс-шараға оқу орнында білім алып жатқан Ұлытау өңірінің жастары, оның ішінде 2026 жылғы бітіруші түлектер қатысты.
Кездесу барысында өңірде дін саласын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс әкімдігі тарапынан бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны, оның ішінде жас мамандарды қолдауға бағытталған нақты шаралар қабылданғаны атап өтілді.
Атап айтқанда, 2024 жылы облыс әкімдігі арнайы білім беру гранттарын бөліп, қазіргі уақытта 4 студент исламтану және дінтану мамандықтары бойынша білім алуда. Жалпы, бүгінде аталған университетте Ұлытау облысынан 21 студент жоғары діни білім алып жатыр. Олардың 6-уы 2026 жылы оқуын аяқтайды деп жоспарлануда.
Іс-шараға қатысқан Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Жансарин студенттерге өңірдегі еңбек ету мүмкіндіктері, қызметтік талаптар мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы толық мәлімет берді. Сонымен қатар, ол жастарды туған өңірге оралып, кәсіби қызмет атқаруға шақырды.
Кездесу барысында студенттер өзекті сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Іс-шара ресми, іскерлік сипатта ұйымдастырылып, өзара тиімді пікір алмасу алаңына айналды.
Аталған кездесу Ұлытау облысында дін саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға және білікті жас мамандарды өңірге тартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.




