Ұлытау облысында өткен ардагерлер ұйымының ІІ конференциясы қоғамдағы аға буынның рөлін айқындап, олардың тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Басқосу мазмұнды пікір алмасу алаңына айналып, өңірдің қоғамдық дамуына серпін беретін бастамалар талқыланды.
Жиында сөз алған «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы ардагерлердің қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтудағы миссиясына тоқталды. Ол ардагерлер тек өткеннің куәгері ғана емес, бүгінгі күннің белсенді қатысушысы екенін атап өтті.
Облыс әкімі өз сөзінде бұл конференцияның стратегиялық маңызын атап өтіп, алдағы республикалық ардагерлер ұйымының ХІ съезіне дайындық барысындағы негізгі қадамдардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, ардагерлердің тәлім-тәрбиесі мен өмірлік тәжірибесі жас ұрпақ үшін баға жетпес құндылық екенін айтты.
Конференция қорытындысында Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мұрат Сүтенұлы Қазамбаев сайланды. Бұл шешім ұйым жұмысына жаңа серпін беріп, ардагерлер қозғалысының ауқымын кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірілді.
Іс-шара барысында бірқатар ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі жоғары бағаланды. Қатысушылар өз ұсыныстарын ортаға салып, ұйым қызметін жетілдіру бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Бұл конференция – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қоғамдағы келісім мен бірлікті арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ұлытау өңірінде ардагерлердің беделі мен белсенділігі алдағы уақытта да арта түсетіні анық.




