Бүгін Ұлытау облысында өңір басшысының қатысуымен облыстық ардагерлер ұйымының ІІ конференциясы өтті. Маңызды жиынға облыс басшылығы, ардагерлер ұйымының мүшелері, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, ел дамуы мен ұрпақ сабақтастығы мәселелерін кеңінен талқылады.
Конференция барысында арнайы шақырылған қонақ – «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы сөз сөйлеп, ардагерлер қозғалысының қоғамдағы орны мен маңыздылығына тоқталды. Ол аға буынның тәжірибесі мен даналығы ел бірлігін нығайтуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімі жиынның маңыздылығын ерекше атап өтіп, бұл басқосудың алдағы республикалық ардагерлер ұйымының ХІ съезіне дайындықтың маңызды кезеңі екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол ардагерлердің ел бірлігін сақтаудағы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегін жоғары бағалады.
Конференция қорытындысы бойынша Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып Мұрат Сүтенұлы Қазамбаев тағайындалды. Бұл шешім қатысушылар тарапынан қолдау тауып, ұйым жұмысының жаңа кезеңіне жол ашатыны айтылды.
Іс-шара аясында облыс әкімі бірқатар ардагерлерді белсенді қоғамдық қызметі мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Сонымен қатар, қатысушылар ардагерлер қозғалысын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын білдіріп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Жалпы, бұл конференция ардагерлер ұйымының қоғамдағы рөлін айқындап қана қоймай, алдағы міндеттерді нақтылауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.




