Сәтбаев қаласы әкімдігінің қолдауымен, Б.Бұлқышев атындағы кітапхананың ұйымдастыруымен ұлы жыршы, халық ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Ұлы дала абызы» атты аймақтық жыр байқауы өтті. Тағылымды ісшарада жас ұрпаққа ақын мұрасы кеңінен таныстырылып, ұлттық құндылықтар дәріптелді.
Жыр додасына қала мектептерінің 8 –11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысып, ақын шығармаларын мәнерлеп оқудан сынға түсті. Қатысушылар ақынның елдік пен ерлікті, адамгершілік пен отансүйгіштікті арқау еткен жырларын тебірене оқыды.
Қазылар алқасы олардың орындау шеберлігіне, сахна мәдениетіне, дауыс мәнеріне және шығарманы жеткізу деңгейіне ерекше назар аударды.
Тартысты өткен әдеби бәйгенің қорытындысында жеңімпаздар анықталып, бас жүлдені Ә.Марғұлан атындағы мектептің 10 «А» сынып оқушысы Ұлту Марлен жеңіп алды. №5 жалпы білім беретін мектептің 9 сынып оқушысы Қуандық Мағаз - бірінші, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназияның 9 сынып оқушысы Назым Науанова мен Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицейінің 9 «В» сынып оқушысы Іңкәр Өтеубай - екінші, «Денсаулық» медициналық колледжінің студенті АдемайТұрман мен Қ.Сәтбаев атындағы мектептің оқушысы Мансұр Едіге - үшінші орынды еншіледі.

Арнайы жүлделер де табысталып, «Kazakhmys» корпорациясының технологиялық колледжінің студенті Құрал Ерасыл "Жамбыл Жабаев", №16 жалпы білім беретін мектептің 10 «Ә» сынып оқушысы Мұхамедали Қыдырбек «Баубек Бұлқышев», Жезқазған қаласындағы Абай атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Құндыз Бейбіт «Мұқан Иманжанов» атындағы сыйлықты иеленді. Өзге үміткерлер де назардан тыс қалмай, Алғыс хаттармен марапатталды.
Аталған жыр сайысы жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың бай мұрасын насихаттауға үлкен үлес қосты. Осындай тағылымды ісшаралар арқылы ұлттық әдебиетіміздің асыл қазынасы жас буынның санасына сіңіп, рухани сабақтастық жалғасын табары сөзсіз.
Мейрамгүл САЯЖАН




