Ұлытау облысы өңірінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде жалпыоблыстық сенбілік жоғары ұйымдасқан деңгейде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті нығайту.
Ауқымды тазалық жұмыстарына облыстың барлық қала мен аудандарынан 402 ұжым мен 5200-ден астам тұрғын белсенді түрде қатысты. Сенбілік барысында 104 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 472 тонна қатты тұрмыстық қалдық полигондарға шығарылды.
Сонымен қатар, абаттандыру және тазалық шаралары аясында 212 гектар аумақ ретке келтіріліп, елді мекендердің келбеті жақсара түсті. Қоршаған ортаны көгалдандыру мақсатында 600 түп ағаш отырғызылып, өңірдің жасыл қорын арттыруға назар аударылды.
Өткізілген сенбілік тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, қоғамдық белсенділікті күшейте түсті. Мұндай шаралар өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартумен қатар, тазалықты сақтау мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің тұрақты дамуына өз үлесін қоса бермек.




