Сәтбаев қаласының бас жоспарына түзетулер енгізу жобасы бойынша қоғамдық тыңдалым өтті. Іс-шараға қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік мекемелер мен бөлімдердің басшылары, сондай-ақ коммуналдық және қызмет көрсетуші кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Қоғамдық тыңдалым барысында қаланың алдағы жылдардағы аумақтық дамуы, инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғын үй құрылысы аймақтарын кеңейту, инженерлік желілерді жаңғырту және әлеуметтік нысандарды тиімді орналастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан жаңа жылу электр орталығын (ЖЭО) салу мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс айтылды. Сонымен қатар, қаланың шығыс бөлігінде жеке тұрғын үй құрылысына бөлінген жер телімдерін қажетті инженерлік инфрақұрылыммен – су, электр, жылу және жол желілерімен қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді.
Тыңдалым барысында тұрғындар мен қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, жобаны жетілдіруге бағытталған нақты бастамалар ұсынды. Барлық ұсыныстар мен ескертулер жинақталып, бас жоспарға енгізілетін түзетулерді пысықтау барысында ескерілетін болады.
Сәтбаев қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.




