Жұртымызды ел тыныштығын бағалай білуге, сақтай білуге шақырамыз деген сөз – бұл бүгінгі күннің ғана емес, мәңгілік маңызы бар үндеу. Себебі тыныштық, тұрақтылық, ауызбіршілік – кез келген мемлекеттің дамуы мен болашағының кепілі. Осы құндылықтарды сақтау әрбір азаматтың жүрегінде, санасында, іс-әрекетінде көрініс табуы керек.
Тыныштық дегеніміз – тек соғыстың болмауы емес. Ол – адамдар арасындағы түсіністік, қоғамдағы әділдік, бір-біріне деген құрмет пен қамқорлық. Ел ішіндегі татулық пен бейбітшілік — ұлттың күш-қуатының, рухының биіктігін көрсетеді. Татулық бар жерде тұрақтылық, тұрақтылық бар жерде даму, өсіп-өркендеу бар. Сол себепті біз әрқайсымыз ішкі тыныштықты өзімізден бастауымыз қажет.
Бірлікке шақыру – ұран емес, ұлы мақсат. Ұлттың болашағын ойлаған адам алдымен өз отбасының, өз ортасының тыныштығын ойлайды. Кішігірім түсініспеушіліктердің өзі үлкен жанжалға айналмауы үшін сабырлық, сыйластық, парасат керек. Өйткені ел ішіндегі ұсақ-түйек дау-дамайлар көп жағдайда үлкен мәселелердің бастауына айналуы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат қоғамға тату-тәтті өмір сыйлайтын мәдениеттің, ізгіліктің жаршысы болуға тиіс.
Тыныштықты сақтау үшін біз тарихты да ұмытпауымыз керек. Халқымыздың бастан кешкен қиындықтары, жұртымызды талай рет сынаған зұлмат жылдары — бәрі де ынтымақтың қадірін ұқтырды. Сан қиындықтан аман өткен жұрттың бүгінгі ұстанымы да осы — тыныштыққа сызат түсірмеу. Бұл — ата-баба аманаты. Сол аманатты сақтау — ұрпақтың парызы.
Сондай-ақ ел тыныштығы тек қоғамның ішкі мәдениетімен ғана емес, әрбір адамның жауапкершілік сезімімен тығыз байланысты. Әлеуметтік желіде болсын, күнделікті өмірде болсын, әр сөзіміз бен ісіміз елдің ертеңіне әсер ететінін түсінуіміз керек. Жалған ақпарат таратпау, бұзақылыққа жол бермеу, араздықты қоздырмау — бұлардың бәрі бейбітшілікке қосқан үлес.
Тыныштықты сақтау — биліктің ғана емес, бүкіл халықтың ортақ міндеті. Қай кезде де елдік мақсат үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару — халқымыздың ең үлкен құндылығы. Бірлік бар жерде ғана береке бар. Берекесі бар елдің болашағы жарқын, келешегі кемел.
Сондықтан, жұртымыз, елдік рухты биік ұстайық, татулықты ту етейік, тыныштықтың қадірін біліп, оны сақтауға әркім өз үлесін қоссын. Бейбіт аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
