Қаламызда тұрғындармен тікелей байланыс орнатудың тиімді тетігіне айналған жертөледегі кездесулер өз нәтижесін беріп келеді. Осындай кезекті басқосу Абай көшесі 17/2 тұрғын үйінің жертөлесінде өтіп, «Татеева» ПИК қызметін пайдаланатын тұрғындардың қатысуымен ұйымдастырылды.
Бұл форматтағы кездесулердің басты ерекшелігі – ресми мінберсіз, ашық әрі еркін жағдайда нақты мәселелерді талқылауға мүмкіндік беруі. Бұған дейін де түрлі қызмет көрсетуші ұйымдардың тұрғындарымен жүздесулер өткен болатын. Алайда бұл жолғы жиынның мазмұны ерекше сипат алды. Тұрғындар өздеріне қызмет көрсетіп отырған «Татеева» ПИК жұмысына ризашылықтарын білдіріп, оң пікірлерімен бөлісті.
Абай көшесі 17/3 үйінің тұрғыны өз сөзінде бұрынғы ПИК-тен бас тартып, биылғы ақпан айында жаңа ұйымға ауысқанын атап өтті. Бұл – бүгінгі таңда тұрғындардың таңдау еркіндігі бар екенін және бәсекелестік қызмет сапасының артуына оң ықпал ететінін айқын көрсетеді.
Сонымен қатар кездесу барысында бірқатар өзекті мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, тұрғындарды жылу жүйесінің тұрақтылығы, шатырдан су ағу жағдайлары және 6-ықшам аудандағы үйлердің сыртқы қаптамасының жел кезінде зақымдануы алаңдатады. Бұл мәселелер тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіндіктен, олардың дер кезінде шешілуі аса маңызды.
Жиында көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетіні жеткізілді. Бұл ретте мәселелерді уақытша емес, тұрақты әрі тиімді шешуге басымдық берілмек.
Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы сенімді нығайтып, кері байланыстың нақты нәтижеге ұласуына жол ашады. Өйткені әрбір тұрғынның пікірі мен өтініші – ортақ іске қосылған маңызды үлес.
Басты мақсат – қала тұрғындарына қауіпсіз, таза әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Ал оған жетудің ең тиімді жолы – ашық диалог пен өзара түсіністік. Кері байланыс бар жерде – нәтиже бар.




