Қала аумағын абаттандыру және коммуналдық қызметтердің жұмысын жүйелі бақылау мақсатында биыл да таңғы рейдтер басталды. Дәстүрге сәйкес, қала 4 секторға бөлініп, әр секторға қала әкімінің орынбасарлары мен аппарат жетекшісі жауапты болып бекітілді. Олар таңғы уақытта аумақтарды аралап, нақты мәселелердің шешілу барысын қадағалайды.
Қалада шешімін күткен өзекті мәселелер аз емес. Атап айтқанда, жолдардың жағдайы, тұрмыстық қалдықтарды шығару, жасыл желектерді күтіп-баптау, суару жүйесін реттеу, сондай-ақ балалар ойын алаңдарының сапасы тұрақты назарда.
Жолдарды күтіп ұстау бағытында биыл жаңа мердігер ұйым жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылып, заманауи арнайы техникалар тартылған. Олардың қатарында жол жиегін және жаяу жүргіншілер жолын тазалауға арналған арнайы құралдар бар. Қыс мезгілінде жиналған құм мен тұз қалдықтарын толықтай тазарту жұмыстары сәуір айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Қоқыс шығару саласына да жаңа мердігер ұйым келгенімен, атқарылып жатқан жұмыстар әзірге толыққанды нәтиже көрсетпей отыр. Осыған байланысты бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту және сапаны арттыру міндеті қойылды.
Сонымен қатар, қала тұрғындарын тазалық мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Әсіресе, ірі габаритті қалдықтарды ретсіз шығару жағдайларын болдырмау маңызды.
Тазалық – баршаға ортақ жауапкершілік. Қаланың көркеюі мен тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, әрбір тұрғынның саналы көзқарасына тікелей байланысты.




