Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті мен Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптар арасындағы байланысты күшейтіп, дене шынықтыру және спорт саласына қажетті білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
Салтанатты жиында меморандумның негізгі мақсаттары таныстырылып, білім беру мен тәжірибені ұштастыру, студенттердің кәсіби әлеуетін арттыру және спорт саласының кадрлық қорын нығайту мәселелері кеңінен сөз болды.
Іс-шара барысында Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Дидар Мүтәліпов бұл келісімнің маңыздылығына тоқталып, университетпен бірлескен жұмыс болашақта сапалы мамандар даярлауға және өңір спортын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Ал Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры Әбділмәлік Тәкішев меморандум оқу орны үшін стратегиялық маңызы бар қадам екенін айтып, студенттерге тәжірибелік білім алу мен еңбек нарығында сұранысқа ие болуға жаңа мүмкіндіктер ашылатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Ұлытау облысы жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Саят Балмағанбетов ынтымақтастық аясында жас спортшылар мен болашақ жаттықтырушыларды даярлауда жүйелі жұмыс жүргізілетінін, бұл өз кезегінде өңірде жоғары жетістіктер спортының дамуына ықпал ететінін айтты.
Тараптар алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асырып, спорт саласындағы өзара серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге дайын екендерін білдірді.




