Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мәселесіне қатысты пікір білдіріп, бұл бағыттағы реформалардың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, құқықтық мемлекеттің тиімді жұмыс істеуі ең алдымен әділ әрі ашық сот жүйесіне байланысты.
Серік Ақылбайдың сөзінше, іс жүргізу заңнамасы азаматтарды заңсыз әрекеттер мен негізсіз шешімдерден қорғаудың маңызды тетігі болып табылады. Сондықтан бұл саладағы нормалар үнемі жетілдіріліп, қоғамның заманауи талаптарына сай бейімделіп отыруы тиіс.
«Іс жүргізу заңнамасын жетілдіру – азаматтардың құқықтарын қорғаудың негізгі кепілі. Мемлекет әрбір азаматтың әділ сотқа қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін процестік нормалардың тиімділігін арттыруға мүдделі», – деді Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы.
Ол конституциялық реформа аясында ұсынылып отырған өзгерістер сот процесінің ашықтығын күшейтуге, тараптардың теңдігін қамтамасыз етуге және құқықтық кепілдіктерді нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Мұндай жаңашылдықтар азаматтардың сот жүйесіне және жалпы мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады.
Серік Ақылбай сондай-ақ құқық қолдану тәжірибесін жетілдірудің маңыздылығына тоқталып, заңнамалық өзгерістермен қатар құқықтық мәдениетті арттыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, кәсіби заңгерлер қауымдастығы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады.
Қорытындылай келе, ол іс жүргізу заңнамасын жетілдіруге бағытталған бастамалар Қазақстанда құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.



