Ұлытау облысында белсенді жастардың басын қосқан маңызды форум өтті. «Жаңа Конституция – жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерінің негізі» тақырыбындағы іс-шара қоғамдағы жастардың рөлін арттыруға және олардың азаматтық белсенділігін нығайтуға бағытталды.
Ауқымды форум аясында ел өміріндегі маңызды саяси кезең – референдумның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді. Белсенділік танытқан жастар мен қоғам өкілдеріне арнайы марапаттар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағаланды.
Жиынға өңірдің белсенді жастары, қоғамдық ұйымдар өкілдері және әртүрлі сала мамандары қатысты. Форум барысында Конституциялық реформалардың маңызы, жастардың құқықтары мен қоғамдағы орны, сондай-ақ олардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ел дамуына үлес қосу жолдарын саралады.
Салтанатты рәсімде Ұлытау облысы әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Идырысов сөз сөйлеп, жастарды белсенділікке шақырды. Ол өз сөзінде:
«Жастар – ел болашағының басты қозғаушы күші. Бүгінгі өзгерістер мен жаңғырулар сіздердің белсенділіктеріңізбен тығыз байланысты. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз бен ел тағдырына деген жанашырлықтарыңыз – жарқын болашақтың кепілі», – деп атап өтті.
Форум барысында бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталса, тағы бір топқа Мемлекет басшысының Алғысы жарияланып, арнайы төсбелгілер табысталды. Бұл – жастардың ел дамуына қосқан үлесінің нақты көрінісі.
Маңызды іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Форум жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін күшейткен маңызды алаңға айналды.




