Қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта еліміз бойынша қолға алынған «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция аясында Жезқазған қаласында табиғатты қорғауға бағытталған игі істер жүйелі түрде жүзеге асуда.
Күні кеше аталмыш акция шеңберінде Алашахана даңғылы мен Наурыз саябағында ағаш отырғызу шарасы өтті. Қаламыздың көркін келтіріп, жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған бұл іс-шараға қала жастары мен Жезқазған қаласы әкімдігі белсене атсалысты.
Акция барысында ондаған түп көшет отырғызылып, қоғамдық демалыс орындарына күтім жұмыстары жүргізілді. Жасыл желек – табиғат тынысы, таза ауа мен денсаулық кепілі. Сондықтан мұндай шаралар тек қаланы көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға зор үлес қосады.
Қатысушылардың айтуынша, экологиялық мәдениетті қалыптастыру әр азаматтың өзінен басталуы тиіс. Ал ағаш отырғызу – табиғатқа жасалған ең игі істердің бірі. Осындай шараларға жастардың белсенді қатысуы экологиялық сананы нығайтып, ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.
Жезқазған қаласы әкімдігі өкілдерінің сөзінше, «Таза Қазақстан» акциясы жыл бойына жалғасып, қаланың әр аумағында көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады. Алдағы уақытта тұрғындарды акцияға кеңінен тарту жоспарланып отыр.
«Қаламызды таза ұстау, табиғатты аялау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Әрбір отырғызылған ағаш – болашақ ұрпаққа қалдырған мұрамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады», – дейді шараға қатысушылардың бірі.
«Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті арттырудың маңызды тетігі. Осындай бастамалар арқылы Жезқазған қаласы жасыл әрі таза шаһар ретінде дамып келеді.
