Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Open Air Senbilik фестивалі форматында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға жергілікті атқарушы органға қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысып, өңір аумағын тазарту жұмыстарына белсене атсалысты.
Сенбілікке барлығы 300 адам жұмылдырылып, 6 арнайы техника тартылды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 5 гектар аумақ тазаланып, 77 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл шара өңірдің санитарлық жағдайын жақсартуға және экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталды.
Аталған сенбілік тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, қатысушыларға арналған фестивальдік бағдарламаға ұласты. Іс-шара аясында таңғы жаттығу ұйымдастырылып, салауатты өмір салты насихатталды. Сонымен қатар, кір тасын көтеру сайысы өткізіліп, қатысушылардың спорттық белсенділігі артты.
Бағдарлама барысында жанды дауыстағы музыкалық қойылымдар ұсынылып, қатысушыларға пицца мен сусындар таратылды. Сондай-ақ, «ең үздік учаске» байқауы ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарына ерекше үлес қосқан ұжымдар анықталды.
Сенбілік кезінде мемлекеттік мекемелердің белсенділігі жоғары бағаланып, үздік нәтиже көрсеткен ұжымдарға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, іс-шараға кейбір қызметкерлер мен қала тұрғындары балаларымен бірге қатысып, отбасылық форматтағы белсенділікті көрсетті. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп, қатысушыларға сусындар таратылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы экологиялық шаралар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен ортақ іске деген ынтаны күшейтеді.




