Ұлытау облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Open Air Senbilik фестивалі форматында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Шараға жергілікті атқарушы органдарға қарасты мекемелердің қызметкерлері қатысып, өңірдің тазалығын арттыру жұмыстарына белсене атсалысты.
Іс-шараға 300-ге жуық адам жұмылдырылып, 6 арнайы техника тартылды. Нәтижесінде 5 гектар аумақ тазартылып, 77 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.
Сенбілік ерекше форматта өтіп, тазалық жұмыстары фестивальдік бағдарламамен қатар жүргізілді. Қатысушылар үшін таңғы жаттығу, кір тасын көтеру сайысы, жанды дауыстағы әндер және түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды. Сонымен бірге жеңіл ас-ауқат пен сусындар ұсынылып, ең үздік учаске байқауы өткізілді.
Шара барысында белсенділік танытқан мемлекеттік мекемелер анықталып, оларға арнайы сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Айта кетерлігі, сенбілікке қызметкерлермен бірге тұрғындар да балаларымен қатысты. Қала кәсіпкерлері де қолдау білдіріп, қатысушыларға сусындар үлестірді.
Open Air Senbilik фестивалі өңірде экологиялық мәдениетті дамытуға, қоғамды ортақ мақсатқа біріктіруге және тазалықты насихаттауға бағытталған мазмұнды шара ретінде өтті.




