Ұлытау облысында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіліп келеді. Соның ішінде мойын, аяқ және жамбас көктамырларына жасалатын оталар өңір тұрғындары үшін маңызды бағыттардың біріне айналды.
Бұл бағыттағы емдеу шаралары бұрыннан жүргізіліп келе жатқанымен, қазіргі таңда оның қолжетімділігі мен сапасы арта түскен. Астана қаласынан арнайы келген эндоваскулярлық хирург Евгений Мун Ұлытау облысының тұрғындарына заманауи әдістермен ота жасап жатыр. Маманның қатысуымен небәрі екі күн ішінде 21 ота жасау жоспарланған.
Эндоваскулярлық хирургия – қан тамырлары ауруларын аз инвазивті тәсілмен емдеуге мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Мұндай оталар кезінде үлкен тіліктер жасалмайды, соның арқасында науқастар тезірек қалпына келеді және асқыну қаупі төмендейді.
Аталған медициналық қызметтер әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетіледі. Бұл өз кезегінде тұрғындардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына жол ашып отыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай бастамалар өңірдегі денсаулық сақтау сапасын арттырып қана қоймай, күрделі оталарды жергілікті жерде жасауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғындардың басқа қалаларға бармай-ақ қажетті ем алуына үлкен септігін тигізеді.
Жалпы, Ұлытау облысында медициналық қызмет көрсету деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.




