Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтуде. Жиын конституциялық реформа аясында азаматтар мен сарапшылардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талқылауға арналды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделіп, талқылаудың барлық кезеңдері жұртшылық үшін тікелей эфир арқылы көрсетілуде.
Отырыстың модераторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова Комиссия жұмысына екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін атап өтті. Оның айтуынша, барлық ұсыныстар жүйеленіп, біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылған. Бұл өз кезегінде ұсыныстарды кешенді түрде қарауға және құқықтық тұрғыда талдауға мүмкіндік береді.
Эльвира Азимова азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық реформаның қоғамдық маңыздылығын айқын көрсететінін атап өтіп, бұл үрдіс қоғамның мемлекеттегі негізгі заңды жетілдіруге деген жоғары қызығушылығын білдіретінін жеткізді.
«Мұндай диалог форматы реформаның басты қағидатын айқындайды: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», – деді ол.
Отырыс барысында үш негізгі спикердің баяндамалары тыңдалуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева сөз сөйлеп, 2025 жылдың қазан айынан бастап келіп түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен конституциялық түзетулерді таныстырады.
Комиссия отырысы конституциялық реформаны жүзеге асырудағы ашық диалогты қамтамасыз етіп, қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталған маңызды алаң ретінде жалғасуда.




