Қаламыздың инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалар жүйелі түрде іске асуда. Бұл — Сәтбаев қаласының дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолындағы басты мақсаттарымыздың бірі.
Сол жобалардың бірі — Құрманғазы, Аманжолов және Байсейітов көшелерінде жүзеге асырылып жатқан кәріз коллекторын қайта жаңарту жұмыстары.
Келісімшартқа сәйкес, жалпы ұзындығы 2470 метр болатын кәріз желісі толықтай ауыстырылады. Бүгінгі күнге дейін мердігер ұйым — «Жанем» ЖШС тарапынан 650 метр желі жаңартылып, барлық қажетті материалдар — құбырлар мен құдықтар нысан басына жеткізілді. Техникалық бақылау «Геоинжиниринг» ЖШС мекемесінде. Жұмыс қарқыны жақсы, жоспар бойынша жалғасуда.
Осы көшелердің тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдадық. Жұмыс барысындағы кейбір сұрақтарға түсінік беріп, тұрғындардың тілектері ескерусіз қалмайтынын жеткіздік.
Бұл жобаның басты мақсаты — осы аумақтардағы кәріз жүйесінің сапасын арттырып, санитарлық жағдайды жақсартып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Осы жұмыстардың аяқталуы қаламыздың тұрғындары үшін күнделікті өмірді жақсартуға зор серпін беретініне кәміл сенемін.
Алдағы уақытта да қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешіп, Сәтбаевты барған сайын жайлы, көрікті әрі заманауи қалаға айналдыру – басты мақсаттардың бірі.