Сәтбаев қаласындағы №45 референдум учаскесіне барып, дауыс беру барысын білмек болып , учаске төрағасы Бағира Әмзеқызымен енді әңгімелесе бастағанда, бір әйел кісі жақындап келіп, «Бір сұрақ қойсам бола ма?» деген өтініш білдірді. Сұрағының мәнісі былай болып шықты.
- Менің жасы 88 –ге келген қарт анам бар. Ол үйден шыға алмайды, бірақ, дауыс бергісі келеді. Бәлкім, үйге жәшік апарарсыздар – деген оған төраға : - Алдымен өзіңіз дауыс беріп алыңыз, сосын бәрін түсіндіремін –деді.
Ол дауыс беріп жатқанда, шырт еткізіп суретке түсіріп алдым да, содан соң сөзге тарттым.
Оның есімі Галина Андреевна Безлепкина екен. Сәтбаев жылумен – сумен қамту мекемесінде насос құрылғыларынң машинисі болып еңбек етеді екен.

- Мен жаңа Конституция жобасын жақтап дауыс бердім. Өйткені, бәрі де елімізді дамыту, жағдайды жақсарту үшін жасалып жатқанына сенемін. Қазіргі кезде де Қазақстанымыздың жағдайы басқа елдерден көшілгері. Ал, біз жақсарған үстіне жақсарғанын қалаймыз –деген Галина Андреевнадан анасы туралы айтуды өтіндім.
- Анамның есімі – Мария Яковлевна. Ол ғұмыр бойы қарапайым еңбек адамы болды. Ешқашан саяси науқаннан шет қалған емес. Кейінгі жылдары денсаулығына байланысты үйде отырады. Дәрігерлер үйге келіп, денсаулығын қарап, тексеріп тұрады. Оларға да көп рахмет айтқым келеді.
Менің қызым да, немерем де дауыс беруден шет қалмайды. Олар бірақ, басқа учаскеде – деген Г. А. Безлепкина немересінің биыл алғаш рет дауыс беруге қатысатынын да айтып қалды.
Үлкеннің де, жастың да ел болашағына алаңдаушылық танытып, өз таңдауларын білдіріп жатқанына қалайша сүйсінбейсің?!
Абдолла Нұртауұлы




