Астана қаласында «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық платформа өтті. Аталған алаң Парламент депутаттарын, Конституциялық комиссия мүшелерін, мемлекеттік органдар өкілдерін, академиялық және сарапшылық қауымдастықты, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын біріктірді. Кездесу Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін және оның саяси жүйе мен азаматтардың құқықтарына ықпалын кәсіби деңгейде ашық талқылауға мүмкіндік берді.
Платформа жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин қатысты. Ол өз сөзінде: «Жаңа Конституция қоғамдағы мүдделер тепе-теңдігін неғұрлым айқын бекітуге, жаңа қоғамдық сұраныстар мен үміттерді дәл көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – шектен шықпай, парасатты саясат логикасын сақтай отырып қабылданған шешім», – деп атап өтті.
Сарапшылар қатарында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Ерлан Сарсембаев, саясаттанушы Марат Шибутов, Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Никита Шаталов, Ерлан Саиров, Снежана Имашева және Унзила Шапак болды. Сонымен қатар Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры Жандос Шаймарданов, M.S. Narikbayev KAZGUU University басқарма төрағасы Талғат Нарикбаев, Философия, саясаттану және дінтану институты директоры Айгүл Садвокасова, Заңнама және құқықтық ақпарат институты директоры Индира Аубакирова, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, сондай-ақ «Әділ сөз» қорының президенті Карлыгаш Джаманкулова және өзге де сарапшылар қатысып, мазмұнды пікір білдірді.
Үш панельдік сессия аясында қатысушылар саяси трансформация, қоғамдық қатысу тетіктерін кеңейту, билік тармақтарының институционалдық теңгерімі және адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейту мәселелерін талқылады.
Сараптамалық пікірталас кәсіби қауымдастықтың елдің Негізгі заңын жетілдіруге және оның болашағын айқындауға жоғары деңгейде атсалысуға дайын екенін көрсетті.




