Өңірде өткен ауқымды форум ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды алаңға айналды. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Аманат» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары Қайрат Көшенов, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, ауылдық округ пен кент әкімдері, басқарма басшылары, ірі шаруа қожалықтарының жетекшілері және Шығыс Қазақстан облысы мен Павлодар облысы өкілдері қатысты. Форумға жалпы саны 500-ден астам адам жиналды.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа Конституцияның мәні мен маңызына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүзеге асырып отырған саяси реформалардың аясында әзірленген, терең сараланған әрі әлемдік озық тәжірибелерді ескерген сапалы құжат болып табылады. Ең бастысы, жаңа Ата Заң ұлттық мүддені басымдыққа қойып, адам құқықтары мен бостандықтарын толық қорғауға бағытталған.
«Бүгінгі басқосуымыз ауыл шаруашылығының немесе жергілікті басқарудың мәселесін ғана талқылайтын алаң емес. Бұл – еліміздің даму бағытын, мемлекет пен халық арасындағы өзара жауапкершілікті айқындайтын үлкен форум. Жаңа Конституцияға қатысты пікір алмасу бір күннің немесе бір айдың шаруасы болған жоқ. Жарты жылдан астам уақыт бойы қоғамда жан-жақты талқылау жүрді. 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына еліміздің білікті заңгерлері, сарапшылары, қоғам өкілдері енді. Ең бастысы – бұл жолы шешімді өзіміз қабылдадық», – деді Берік Уәли.
Аймақ басшысы Президенттің азаматтарға өткен жылдың қазан айынан бастап өз ұсыныстарын ашық айтуға толық мүмкіндік бергенін атап өтті. eGov және eOtinish платформалары арқылы мыңдаған ұсыныс түсіп, олардың барлығы мұқият қаралған. Комиссия жұмысы барынша ашық жүргізіліп, талқылаулар тікелей эфирде көрсетілді. Бұған дейін елімізде реформалар дәл осындай кең ауқымда, бүкіл халықтың қатысуымен талқыланбағаны айтылды.
Бұл – шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Сондықтан жаңа Конституцияны нағыз халықтық Конституция деп толық айтуға негіз бар.
Форум барысында жаңа Ата Заңда бекітілген қағидаттарды өңірлерде, әсіресе ауылдық жерлерде нақты іске асыру мәселесі де қозғалды. Мемлекет адам үшін қызмет етуі тиіс болса, онда ауылдағы әрбір тұрғынның тұрмысы мен әрбір шаруа қожалығының дамуы басты өлшем болуы қажет екені атап өтілді.
Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа Конституция – әділетті, жауапты әрі ашық қоғам құру жолындағы берік қадам екенін бір ауыздан қолдады.




