Орталық алаңда қаланың бекітілген дизайн-коды негізінде ауқымды жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ең алдымен, орталық алаңға орнатылып жатқан жаңа сағат туралы айтқым келеді. Өткен жылы бұл жоба қолға алынғанымен, мердігер ұйымның жауапсыздығына байланысты жұмыстар біраз уақытқа созылып, кешігіп қалған болатын. Қазіргі таңда сағатты орнату жұмыстары қайта жанданып, белсенді түрде жүргізілуде.
Бұл сағат тек уақыт көрсететін нысан ғана емес, қаланың көркін ашатын ерекше сәулеттік элементке айналады. Белгілі бір уақыттарда, мысалы 12:00-де және 18:00-де сағаттан күй қосылады. Алаңда субұрқақ іске қосылып, стела заманауи жарықтандыру жүйесімен безендіріледі.
Сонымен қатар, орталық алаңда толықтай жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Гүлзарлар жаңартылып, заманауи әрі әсем келбетке ие болады. Тұрғындар үшін жаңа демалыс аймақтары, оның ішінде әткеншектер орнатылады.
Көпшілігіңіз «неліктен жөндеу жұмыстары дәл жаз мезгілінде жүргізіліп жатыр?» деп сұрайсыздар. Бұл – орынды сұрақ. Себебі құрылыс және абаттандыру жұмыстары ауа райының қолайлы кезеңінде ғана сапалы әрі қауіпсіз атқарылады. Сондықтан жаз мезгілі мұндай жұмыстар үшін ең тиімді уақыт болып табылады.
