«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Сәтбаев қалалық филиалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында жергілікті кәсіпкерлермен арнайы кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – конституциялық реформалардың мазмұнын түсіндіру және олардың шағын және орта бизнес саласына ықпалын кеңінен талқылау болды.
Кездесу барысында коалиция өкілдері ұсынылып отырған өзгерістердің ел дамуына, құқықтық мемлекетті нығайтуға және экономиканың тұрақты өсуіне бағытталғанын атап өтті. Әсіресе кәсіпкерлік қызметті қолдау тетіктерін жетілдіру, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Спикерлердің айтуынша, конституциялық жаңғырту бизнес үшін ашық әрі болжамды құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде инвестициялық ахуалды жақсартып, кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтеді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық арасындағы өзара іс-қимылды тиімді ұйымдастыру тетіктері сөз болды.
Жиын еркін пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпкерлер өз ұсыныстарын білдіріп, алдағы өзгерістерге қатысты сауалдарын жолдады. Коалиция мүшелері қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, реформалардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Аталған кездесу қоғам мен бизнес арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға, азаматтардың конституциялық бастамаларға белсенді қатысуына жағдай жасауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, түрлі әлеуметтік топтарды қамтитын болады.




