«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Кезекті кездесу Сәтбаев қаласының орталық ауруханасының қабырғасында өтті.
Жиын барысында коалиция мүшелері медицина қызметкерлерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасында қарастырылған негізгі өзгерістерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, адам құқықтарын қорғауды күшейту, әлеуметтік кепілдіктерді арттыру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту секілді маңызды бағыттар талқыланды.
Коалиция өкілдері Конституциялық реформалардың елдің тұрақты дамуына, әділетті қоғам қалыптастыруға және құқықтық мемлекетті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, олар әрбір азаматтың пікірі маңызды екенін жеткізіп, алдағы 15 наурыз күні өтетін референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Ақ халатты абзал жандар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жаңа бастамалар жөнінде ой-пікірлерімен бөлісті. Коалиция мүшелері барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, ұсыныстарды назарға алатынын білдірді.
Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасып, қоғамның түрлі салалары өкілдерімен тұрақты түрде ұйымдастырылмақ. Ұлттық маңызы бар құжатты талқылау — ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың ортақ міндеті.




