Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуына қатысты маңызды ойлар айтып, құрылтай жұмысының маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, құрылтай мүшелері мазмұнды пікір білдіріп, ел үшін пайдалы ұсыныстарын ортаға салды.
– Құрылтайдың аясында пайдалы пікір алмасулар болды. Барлығы еліміздің дамуына қажетті болатынына сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Ұлттық құрылтайдың бесінші рет шақырылып отырғанын еске сала отырып, оның әр отырысы ел тарихында айрықша орны бар киелі өңірлерде өткеніне тоқталды. Алғашқы жиын ұлт ұясы – Ұлытауда өтсе, екінші отырыс түркі жұртының рухани ордасы Түркістанда ұйымдастырылды. Үшінші құрылтай бірегей Атырау аймағында, ал өткен жылы тарихы терең Көкшетау жерінде өткен болатын.
Биылғы құрылтайдың Қызылорда қаласында өтуі де символдық мәнге ие. Мемлекет басшысы бұл өңірдің қазақ халқы үшін орны бөлек екенін атап өтті. «Сыр – Алаштың анасы» деген нақыл сөз Сыр бойының ұлт тарихындағы рөлін айқын көрсетеді.
Президент сөзінде Сыр өңіріндегі көне қалаларға да ерекше тоқталды. Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ, Алтынасар, Баршын-кент сынды тарихи қалалардың орны қазақ жерінде ерте заманнан-ақ дамыған қала өркениеті болғанын дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда, Қызылорда – сол даңқты қалалардың заңды жалғасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қызылорданың ХХ ғасырдың басында Қазақстанның астанасы болғанын еске салды. Бұл қалада ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданып, мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашылған.
Президенттің айтуынша, Ұлттық құрылтай – елдің өткені мен бүгінін сабақтастырып, болашаққа бағыт-бағдар беретін маңызды алаң. Құрылтай мінберінде айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар Қазақстанның тұрақты дамуына қызмет ететініне сенім мол.




