Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Президенттің мәліметінше, 2024 жылы облыстың ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға өсті. Соңғы үш жылда өңірге шамамен 2 триллион теңге көлемінде инвестиция тартылған. 2024 жылы 27 инвестициялық жоба іске асырылды.
Мемлекет басшысы стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде жаңа жылу электр орталығының іске қосылғанын атап өтті. Аталған нысан инвестор қаражаты есебінен салынған және облыстың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Президенттің айтуынша, облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта халықтың 80 пайызы табиғи газ тұтынады. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады.
Көлік инфрақұрылымы саласында да бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аймақтағы автокөлік жолдарының басым бөлігі қанағаттанарлық жағдайда. Әуе және темір жол қатынасы жаңғыртылуда. Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы тарихи темір жол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 10 темір жол бекетін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аталған шаралар өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруға және экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.




