Давоста өткен Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсімі барысында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасындағы қысқаша әңгіме мазмұнына қатысты сауал жолдады.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Давос форумында таратылған «Президент Дональд Трамптың 365 күн ішіндегі 365 жеңісі» атты ресми құжатқа назар аударды. Аталған құжаттың 177-тармағында Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылғаны маңызды жетістік ретінде көрсетілгенін атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының Президентіне ақыл-парасатқа негізделген ішкі саясатты жүзеге асыруда табыс тіледі.
Өз кезегінде Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасына қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Америка көшбасшысы Қазақстанның халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы белсенді ұстанымын жоғары бағалады.
Аталған кездесуде тараптар өзара сыйластық пен сындарлы диалогтың маңызын атап өтіп, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.




