Қоғамда мейірімділік пен өзара қолдауды нығайту мақсатында Жезді кентінде қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Игі іске Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық «Жомарт жан» орталығының белсенді мүшелері атсалысып, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға нақты көмек көрсетті.
Атап айтқанда, қайырымдылық шарасының жүзеге асуына Шубаева Жаннат Бағдатқызы, Бахбергенова Меруерт Мукарқызы, Фатхутдинова Рамзия Ахмеровна және Токимбаев Ержан Аманжолұлы өз қолдауын білдіріп, бастаманың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Олардың жанашырлығы мен азаматтық жауапкершілігінің арқасында Жезді кентінде тұратын бірқатар аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері табысталды.
Қайырымдылық көмек құрамына күнделікті тұрмысқа қажетті негізгі азық-түлік өнімдері енгізіліп, мұқтаж жандардың тұрмыстық жағдайын жеңілдетуге бағытталды. Шара барысында отбасы мүшелері көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, мұндай игі істердің қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама – бір реттік акция ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, адамдар арасындағы өзара түсіністік пен қамқорлықты күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. «Жомарт жан» орталығы алдағы уақытта да мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталған қайырымдылық шараларын жалғастыруды жоспарлап отыр.
Осындай ізгі істер арқылы қоғамда мейірімділік, бірлік пен жанашырлық құндылықтары нығая түсетіні сөзсіз. Қайырымдылық шарасына белсене қатысып, жүрек жылуын сыйлаған барлық азаматтарға алғыс білдіреміз. Мұқтаж жандарға қол ұшын созу – ортақ міндет әрі адамгершіліктің айқын көрінісі.




