Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында қызмет көрсету салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиынға жергілікті құрылыс және автокөлік компанияларының басшылары, колледж директорлары және жұмыспен қамту саласының өкілдері қатысты.
Кездесуде құрылыс-жол саласындағы кадр тапшылығының ушығуы негізгі мәселе ретінде көтерілді. Кәсіпкерлердің айтуынша, жолдарды жөндеу, тұрғын үй салу үшін білікті жұмыс күші жыл сайын жетіспейді. Бұл өз кезегінде уақытша әрі біліктілігі төмен жұмысшыларды тартуға мәжбүрлейді. Колледж басшылары жұмысшы мамандықтарының жастар арасында сұранысы төмен екенін атап өтті. Мәселені шешу үшін қатысушылар колледждер базасында қысқамерзімді қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындар қажеттілігіне сай жаңа мамандықтар ашу қажеттігін ұсынды.
Отырыс қорытындысында кадрларды даярлау процесіне бизнесті өз дағдыларына деген қажеттілікке тарту, бизнес пен білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибеге бағытталған ынтымақтастықты күшейту туралы шешім қабылданды. Бірлескен жұмыс кадр тапшылығын азайтып, өңірдің құрылыс-жол саласының тұрақты дамуына ықпал етпек.




