Ұлытау облысы Полиция департаменті «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмыстарына қарсы бағытталған жедел-профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Құқық қорғау органдарының басты мақсаты – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және заңсыз есірткі айналымының алдын алу.
2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде есірткіге қатысты заңбұзушылықтарды анықтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аталған кезеңде есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 110 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау фактілері анықталып, сондай-ақ заңсыз есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды. Бұл – өңірдегі есірткі қылмысының тамырына балта шабуға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадамдардың бірі.
Бұдан бөлек, 21 есірткі сату фактісі анықталып, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 139 келіден астам есірткі заттары тәркіленіп, олардың қоғамға таралуына жол берілмеді. Бұл көрсеткіш атқарылған жұмыстардың ауқымын және полиция қызметкерлерінің есірткіге қарсы күрестегі табандылығын айқын көрсетеді.
Ұлытау облысы Полиция департаменті алдағы уақытта да есірткі қылмыстарының алдын алу, оны анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды күшейте түсетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, тұрғындарды заңсыз әрекеттерге бейжай қарамай, күмәнді жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырады.
Қоғам болып бірлесе әрекет еткенде ғана есірткі қылмысына қарсы тиімді күрес жүргізіп, қауіпсіз әрі салауатты ортаны қалыптастыруға болады.




