Ұлытау облысы Полиция департаменті полиция қызметіне орналасуға ниетті азаматтарды өз қатарына қосылуға шақырады. Қазіргі таңда жұмысқа қабылдау үдерісі заманауи талаптарға сай цифрландырылып, жаңа «Qyzmet-Police.kz» платформасы арқылы жүзеге асырылуда.
Аталған платформа арқылы еліміздің кез келген азаматы полиция қызметіне кезексіз, артық құжатсыз және онлайн форматта өтінім бере алады. «Qyzmet-Police.kz» платформасы Қазақстанның барлық өңірлеріндегі, соның ішінде Ұлытау облысы Полиция департаментіндегі бос лауазымдар туралы толық ақпаратты біріктіреді.
Полиция қызметінің бірқатар артықшылықтары бар. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс, лайықты жалақы және мансаптық өсу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, қызметкерлерге тұрғын үй төлемдері мен өзге де әлеуметтік жеңілдіктер ұсынылады.
Өтінім беруден бастап сұхбатқа шақыруға дейінгі барлық кезеңдер онлайн режимде жүргізіледі. Қажетті құжаттар платформаға бір рет қана жүктеледі, кадр бөліміне бару немесе анықтамаларды қағаз түрінде тапсыру талап етілмейді.
Үміткерлерге қойылатын негізгі талаптар қатарында Қазақстан Республикасының азаматы болу, заңға адалдық пен жауапкершілік, сондай-ақ қызмет атқаруға дайындық бар.
Қызметке орналасу үшін үміткер өзіне қолайлы қала мен бөлімшені, қызмет түрін таңдап, бірден өтінім жолдай алады. Платформа таңдалған лауазым бойынша жалақы мөлшері мен тұрғын үй төлемдерін автоматты түрде көрсетеді. Ол үшін QR-код арқылы немесе www.qyzmet-police.kz сайтында онлайн сауалнаманы толтыру жеткілікті.
Полиция қатарында қызмет ету – абыройлы міндет. Өз болашағыңызды құқық қорғау саласымен байланыстырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосыңыз. Бұл – сіздің мүмкіндігіңіз!




