Сәтбаев қаласындағы №16 мектепте кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау тақырыбына арналған құқықтық сабақ ұйымдастырылды. Іс-шара ата-аналар мен полиция арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталды.
Кездесудің басты мақсаты – мектеп жасындағы балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке қатысты өзекті мәселелерді түсіндіру. Дәріс барысында нақты өмірлік жағдайлар мысалға алынып, жасөспірімдердің мінез-құлқы мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Құқықтық сабақты Ұлытау облысы полиция департаментінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерғали Қожабеков пен Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы, полиция майоры Ержан Сердалин өткізді.
Дәріс аясында ата-аналардың балалар тәрбиесіндегі рөлі, олардың бос уақытын бақылау, жасөспірімдерді спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тарту мәселелері қозғалды. Полиция мұндай бірлескен кездесулердің алдын алу жұмыстары үшін маңызы зор екенін атап өтті.




