Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда кезектен тыс Президент сайлауын өткізу мерзімі негізгі заңда нақты белгіленуі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай жағдайда сайлау екі айдың ішінде өтуі тиіс.
Президент қазіргі Конституцияға сәйкес, Мемлекет басшысы өз міндетін атқара алмайтындай оқыс жағдай туындаса, оның өкілеттігі қалған мерзімге Сенат төрағасына берілетінін атап өтті. Ал Сенат төрағасының мемлекеттік басқаруға мүмкіндігі болмаған жағдайда, Президент өкілеттігі белгіленген тәртіпке сәйкес келесі лауазым иелеріне өтеді.
Бұл ретте Мемлекет басшысы мәселенің «қалған мерзім» ұғымына тіреліп тұрғанына назар аударды. Оның айтуынша, бұл мерзім алты айға да, алты жылға да созылуы мүмкін. Осыған байланысты Конституцияда нақты мерзім көрсетілуі қажет екені айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы мерзімінен бұрын қызметтен кеткен жағдайда екі айдың ішінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы норма негізгі заңда нақты белгіленуі тиіс екенін атап өтті. Бұл қадам халықаралық озық тәжірибеге сай келетіні де айтылды.
Президенттің сөзінше, еліміздің кез келген басшысы билікке тек сайлау арқылы, яғни заңды түрде келуі керек. Бұл ұстаным мызғымас қағидат болып табылады.
Сонымен қатар аталған норманың болашақта Мемлекет басшылары үшін де еш өзгермейтін талапқа айналуы тиіс екені атап өтілді.




