Дания Еспаеваның айтуынша, қазіргі кезеңде тұрған міндет Конституцияның жекелеген баптарын өзгерту немесе толықтыру шеңберінен әлдеқайда ауқымды.
"Бүгін біз Конституцияның 1995 жылғы мәтінін заманауи талаптарға жай ғана бейімдеу туралы емес, мемлекеттің бүкіл құрылымдық архитектурасын терең қайта қарау қажеттігіне келіп отырмыз. Билік тармақтарының өзара іс-қимылы, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері, мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастар жүйесін түбегейлі жаңарту деген сөз", – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, мұндай ауқымды әрі кешенді өзгерістер Конституцияға жекелеген, үзік-үзік түзетулер енгізумен шектелмейді, керісінше, жаңа мәтін қабылдауды талап етеді.
"Бұл ұстаным "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының заңындағы талаптардан да туындайды. Аталған заңға сәйкес, егер нормативтік-құқықтық актінің жартысынан астам бөлігіне өзгеріс енгізілсе, онда ол құжат жаңа редакцияда қабылдануға тиіс", – деп атап өтті Дания Еспаева.
Осылайша, Конституциялық комиссия отырысында елдің негізгі заңын толықтай жаңарту мәселесі ресми деңгейде көтерілді.




