Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі мемлекет негізі мен қоғамдық келісімге тікелей қатысты болғандықтан, бұл үдеріс ашық және жария форматта жүзеге асырылды. Осы мақсатта Конституциялық комиссия қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты шаралар қабылданды.
Атап айтқанда, комиссия отырыстары ресми сайтта және Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл азаматтарға талқылау барысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, комиссия жұмысы туралы ақпаратты жедел тарату және ұсыныстарды жүйелеу мақсатында «Конституциялық реформа 2026» атты арнайы Telegram-арна іске қосылды. Онда отырыстардың мазмұны, негізгі шешімдер мен түсіндірмелер тұрақты түрде жарияланып отырды.
Комиссия мүшелерінің басым бөлігі әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, өз ұстанымдары мен пікірлерін тікелей немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүздеген мың азаматқа жеткізді. Нәтижесінде қоғам комиссия жұмысы жөнінде толық әрі уақтылы ақпарат алды.
Осылайша, Конституциялық комиссияның қызметі баршаға қолжетімді, ашық форматта өтті. Тікелей эфирлер тек техникалық құрал ғана емес, биліктің қоғаммен ашық диалогқа дайын екенін және «Естуші мемлекет» қағидатының іс жүзінде жүзеге асқанын көрсетті.
Комиссия отырыстарының жария өтуі түрлі алыпқашпа әңгімелер мен негізсіз болжамдардың алдын алып, азаматтарға ұсынылып отырған нормалардың мәнін түсінуге мүмкіндік берді. Бұл қабылданған шешімдердің заңдылығын арттырып, қоғам сенімін нығайта түсті.




