Философия, саясаттану және дінтану институтының басшысы Айгүл Сәдуақасова жаңа Конституцияның елдің зияткерлік және ғылыми әлеуетін дамытудағы рөліне тоқталды.
Оның айтуынша, Конституцияда адами капиталды дамыту, ғылым мен инновацияны қолдау мемлекет дамуының стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалған. Бұл нормалар білім беру сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулерді ынталандыруға және инновациялық экономиканы қалыптастыруға берік негіз қалайды.
Айгүл Сәдуақасова адами капиталды дамыту – ұзақ мерзімді әрі жүйелі саясатты талап ететін бағыт екенін атап өтті. Оның пікірінше, Конституциялық деңгейде бұл қағидаттардың бекітілуі жас ғалымдарды қолдауға, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейтуге және жаңа технологиялардың дамуына серпін береді.
Сонымен қатар институт басшысы ғылымның қоғам дамуына тікелей әсер ететінін айтып, инновациялық ойлау мен ғылыми мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл өз кезегінде еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы адам әлеуетін ашуға, ғылымға негізделген экономиканы дамытуға және инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталған негізгі қағидаттарды қамтиды.




